Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК ТУЫ – Қазақстан Республикасының негiзгi мемлекеттiк рәмiздерінiң бiрi. Мемлекетіміздің ресми ерекшелік белгісі, еліміздің егемендігінің нышаны. ҚР Президентiнiң “Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы” конституциялық заң күшi бар Жарлығымен (24.1.1996ж) белгiленген.
Мемлекеттік Ту - көгiлдiр түстi тiк бұрышты кездеме. Оның ортасында арайлы күн, күннiң астында қалықтаған дала қыраны бүркіт және ағаш сабына бекiтiлген тұста - ұлттық оюмен кестеленген тiк жолақ өрнектелген.
Күн, арай, қыран және ою-өрнек - алтын түстi. Тудың енi ұзындығының жартысына тең.
Көк түс
Бiрыңғай көгiлдiр түс - төбедегi бұлтсыз ашық аспанның биiк күмбезiн елестетедi және Қазақстан халқының бiрлiк, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады.
Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашан да бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған.
Елтаңбатану ғылымы - геральдика тiлiнде, көк түс және оның түрлi реңкi адалдық, сенiмдiлiк, үмiт сияқты адамгершiлiк қасиеттерге сай келедi. Ежелгi түркi тiлiнде “көк” сөзi “аспан” деген ұғымды бiлдiредi. Көк түс түркi халықтары үшiн қасиеттi ұғым. Мемлекеттік тудағы көгiлдiр түс Қазақстан халқының жаңа мемлекеттiлiкке ұмтылған ниет-тiлегiнiң тазалығын, асқақтығын көрсетедi.
Өрнек
Өрнек - белгілі бір дәуірдің өзіне тән қолтаңбасы, ол халықтың көркемдік талғамының көрсеткіші. Ғасырдан ғасырға жалғасып, бізге жеткен
қазақтың ұлттық ою-өрнегінің ең көп таралған түрі зооморфтық өрнек - “Қошқар мүйіз”.
Ерте кезде халық ою-өрнектің бойынан адамды зұлымдықтан желеп-жебеп, қорғайтын күш көрген.
КҮН
Күн – мәңгілік қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күннің нұр шұғылалы алтын бейнесі - байлық пен берекені, тыныштықты бейнелейдi. Күн - уақыт, замана өлшемі.
Сары түс - қымбат асыл металдың, алтынның, ай мен күннің, қараңғылықтан шашырап шыққан жарықтың, одан жаратылған ғарыштың түсі.
бүркіт
Ежелгі көк тәңірі Аспан мен Күнге жақындап, шарықтай ұшатын құс патшасы, қыран бүркіт аса қасиетті де құдіретті. Қыран кең дала биігінде жеке, дара ұшады. Сондықтан да қанатын жайған бүркіт бейнесіне - айбындылық, еркіндік, тәкәппарлық, биік ой-мақсат, маңғазық, қырағылық, намысқойлық тән. Кеңiстiкте қалықтаған қыран - Қазақстанның еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн, ой-ниетінің биіктігін білдіреді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының авторы - ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген суретшісі Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК Елтаңбасы - Қазақстан Республикасының негiзгi мемлекеттiк рәмiздерiнiң бiрi. ҚР Президентiнiң “Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы” конституциялық заң күшi бар Жарлығымен (24.1.1996ж) белгiленген.
“Герб” деген термин немістің “erbe” – мұра, поляктың “herb” – белгі деген сөзінен шыққан. Дәл осы ұғымды, өз тіліміздегі “таңба” сөзі анық жеткізеді. Яғни мұралық ерекшелік белгі - ел иелерінің тарихи дәстүрлеріне бейнелі түрде мән-мағына беретін заттар мен бейнелердің таңбасы.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы көгілдір түс аясында шаңырақ бейнеленген, оны айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шашыраған, оны аңыз-әңгімелердегі пырақтар қанаты көмкеріп тұр. Елтаңбаның төменгі жағын бойлай “Қазақстан” деген жазу жазылған.
Қазақстан Республикасы елтаңбасының реңдік бейнесі - алтын және көгілдір түсті.
Шаңырақ
Шаңырақ - мемлекеттiң түп-негiзi - отбасының бейнесi. Рәмiздiк тұрғыдан алғанда Қазақстан Республикасы елтаңбасының негiзi - шаңырақ. Ол - елтаңбаның жүрегi. Айналған күн шеңберiнiң қозғалыстағы суретi iспеттi, шаңырақ - киiз үйдiң күмбезi, көшпелi түркiлер үшiн үйдiң, ошақтың, отбасының бейнесi. Шаңырақ бейнесі – бүкіл қазақ елі үшін тіршіліктің, шексіз өмірдің нышаны.
Тұлпар
Тұлпар - дала дүлдiлi, ер-азаматтың сәйгүлiгi, желдей ескен жүйрiк аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажырлылықтың, қайсарлықтың, тұрақтылықтың, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Қазақта “Ер қанаты - ат” деген мақал бар. Қанатты тұлпар - қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Қанатты тұлпар уақыт пен кеңiстiктi бiрiктiредi. Бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесiн паш етедi.
Жұлдыз
Елтаңбаның маңдайшасына бес бұрышты жұлдыз салынған. Әрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар. Осындай жұлдыз мемлекетте де болуы керек. Әрбір қазақстандық азамат, сол жұлдыздың салған жолына түсіп, қиын уақытта оны бағдарға алып, әрқашан жаңа жолға, болашаққа жетелейтініне сенім артуымыз керек.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк елтаңбасының авторлары - ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген суретшісі Шот-Аман Уәлиханов пен сәулетші Жандарбек Мәлiбеков
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні
Гимн, гректің “hunos” – салтанатты ән, ұран деген сөзінен шыққан.
Мемлекеттік гимн халық жүрегінің лүпілін танытып, адамдарды патриоттық сезімге бөлейтін музыкалық бойтұмар іспттес.
Оның әуенінен Отанға деген сүйіспеншілік, атамекенге деген шексіз берілгендік аңғарылса, сөзінен рухани жан-дүниемізді танытар ұлттық қасиетіміз бен бейбіт пейіліміз, досқа ашық құшағымыз, еркіндікке құштар кең көңіліміз көрініс табуы тиіс.
Мемлекеттік гимн - егеменді еліміздің Туы мен Елтаңбасының сазды баламасы.
24.1.1996ж. ҚР Президентiнiң “Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы” конституциялық заң күшi бар Жарлығының 9-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Гимнiн орындау тәртiбi:
Мемлекеттiк Гимн көпшiлiк алдында орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды), бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын салтанатты жағдайда көтеру және тiгу кезiнде Мемлекеттiк Гимн орындалады, бұл ретте қатысушылар жүздерiн Туға қарай бұрады.
Мемлекеттiк Гимн бекiтiлген мәтiнi мен музыкалық редакциясына дәлме-дәл сәйкестiкпен мемлекеттiк тiл - қазақ тілінде орындалады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Гимнiнiң мәтiнi мен музыкалық редакциясын басқа музыкалық шығармалардың және өзге де өнер туындыларының негiзi ретiнде пайдалануға болмайды.
сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев, әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досыңдай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің — Қазақстаным!
|
|
Қазақстан Республикасының Конституциясы туралы мағлұмат
Қазақстан Республикасының Конституциясы - Қазақстан мемлекетiнiң Ата (негiзгi) заңы. 1995 ж. 30 тамызда Республикалық референдум өткiзу (бүкiл халықтық дауыс беру) жолымен қабылданды. Конституцияны қабылдай отырып, Қазақстан халқы мемлекеттік билiктiң қайнар көзi - өзiнiң егемендiк құқығын баянды еттi. Ата заң қабылданған күн демалыс - мемлекеттік мереке - ҚР Конституциясының күнi деп жарияланды. Бұл жаңа Конституция Қазақстанның төртiншi Ата заңы (1937, 1978, 1993, 1995). Оның құрылымы кiрiспеден, 9 бөлiмнен, 98 баптан, көптеген тармақтар мен тармақшалардан тұрады.
Конституцияның ең жоғары заңдық күшi бар және ол ҚР-ның бүкiл аумағында тiкелей қолданылады. Мұның өзi Конституциялық нормалар мен заңдардың басқа нормативтiк құқықтық актiлердiң нормаларынан үстем екендiгiн көрсетедi. Қазақстан Республикасының Конституциясы - барлық заң салаларының негiзi болып табылады, ал оның нормалары басқа заңдар үшiн басты қағида болып есептеледi.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 9-бабынан:
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәміздері - Туы, Елтаңбасы және Гимнi бар. Олардың сипаттамасы және ресми пайдаланылу тәртiбi конституциялық заңмен белгiленедi. Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 34-бабынан:
1. Әркiм Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi.
2. Әркiм Республиканың мемлекеттiк рәміздерін құрметтеуге мiндеттi.
Ескерту. 34-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы мен Мемлекеттiк Елтаңбасының эталондары Қазақстан Республикасы Президентiнiң Резиденциясында сақталады.